Қазақ тілінде “блог” жазуға ықылас білдіргенімде ойымда бірнеше тақырып болды. Соның бірі білім және білімдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар болса, екіншісі дүние жүзіндегі танымал, тіпті танымал болмаса да қызықты “әдеби сыйлықтар” тақырыбына шолу жасап, қазақ тілді оқырмандарды әлем әдебиетінде болып жатқан жаңалықтармен таныстыру еді. Осы мақсатта әлемторғы сұраныс бергенімде, бірінші болып көзіме “Блукер сыйлығын пулеметші алды” деген хабар ілікті. Сөйтсек жыл сайын блог негізінде жазылған кітап үшін берілетін Lulu Blooker Prize биыл американдық Колби Баззелге Ирактағы соғыстың бейресми тарихын баяндағаны үшін берілген. Әскеридің кітабы, оның блогы сияқты “Менің соғысым: Иракта зая кеткен уақытым” (My War: Killing Time in Iraq) деп аталады. Мүмкіншілік болса кейінірек бұл туралы толығырақ жазармын.
Шексіз ақпараттың ішінен ең алдымен Қазақстанмен байланыстысын іздейтінім рас. Сондықтан “әдеби сыйлықтарды” іздегенде де өз елімізбен байланыстысы бар ма дегенді де естен шығармадым. Бұл ізденісім мені ТМД елдерінің жазушыларына арналған ресейлік сыйлық “Русская премия” конкурсы туралы мәліметтерге жолықтырды. Осы конкурстың 2006 жылғы проза номинициясындағы бірінші жүлдесі өзбекістандық жазушы және ақын Сұбхат Афлатунидің “Ташкент романына” беріліпті. Екінші және үшінші орындарды қазақстандық Иван Глаголев (“Алматылық хикаялар”) пен Николай Веревочкин (“Есімі жоқ адам”) бөліскен. Ынталандыру сыйлығын Татьяна Мартиросян (Армения) “Маятник заңы” романы үшін, Валерий Квилория (Беларусь) “Құпия жазбалар” әңгімелер жинағы үшін және Бақыт Даулбаев (Қазақстан) “Бәрі тұлпардан басталады” әңгімелер жинағы үшін алған. Бұл конкурстың ең басты мақсаты – ТМД кеңістігінде орыс тілін мәдени құбылыс ретінде сақтауға және халықтардың гуманитарлық бірлігін қалпына келтіруге септігін тигізу деп айтылған.
Енді осы әдеби шығармалармен таныс болуға тырысқанымда әлемтордан ешқандай қосымша мәлімет таба алмадым. Өкінішті-ақ.


2 Пікір
Маусым 1, 2007 at 6:05 тд
Бақытгүл! Қадамына нұр жаусын! Оқырман саны көбейсін! Табыс тілеймін!
Маусым 5, 2007 at 6:50 тд
Рахмет